русская версия  
 
     
 
 
     

Методикалық жұмыстар көлемi

"Ұлттық ойындар" МДМ тәрбиешілеріне арналған көмекші құрал

Кіріспе
Қоғамның қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдардың оқу тәрбие процессінде балаларды жан жақты дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеуді жүзеге асыруда, балалардың мінез құлқын қалыптастыруда ұлттық педагогиканың алатын орны зор, оның ішінде ойынның рөлі ерекше. Балаларды ойын арқылы тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі, осыған сәйкес дәстүрлі кұндылықтар негізінде жан жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеудегі мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды ұлттық ойындар арқылы тәрбилеуді қалыптастыру. Қазақ халқының ұлттық ойындары негізінде балаларды адамгершілікке тәрбиелеу. Балаларды ұлттық ойындар негізінде тәрбиелей отырып, жан жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру.
Іс-тәжірибенің міндеттері :
- Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды тәрбиелеуде ұлттық ойындарға байланысты әдебиеттермен таныстыру, оларды жүйелеу, картотека жасау.
- Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты ұлттық ойындарды жинақтау.
- Белсенділік орталықтарында ұлттық ойындарды қолдану әдіс- тәсілдерін нақтылау.
- Жеке тұлға бағдарламасының негізгі элементтеріне сәйкес ұлттық ойындарға тәрбиелеу.
Іс-тәжірибенің нәтижесі:
- Балаларға ұлттық ойындарды пайдалана отырып қоршаған орта туралы білім алумен қатар , күнделікті балалармен жүргізілетін оқу тәрбие жұмыстарында алған білімдерін ұлттық ойын арқылы толықтырылып отырады. Ұлттық ойындардың шарттарын біледі, қиындықтарды жеңуге үйренеді. Оқу іс-әрекеті барысында ұлттық ойындарды кең түрде қолдану тиімді екеніндігі анықталады.
Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойынды оқу іс-әрекеті барысында қолдану балалардың ой өрісін жетілдірумен бірге өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп кейінгі ұрпаққа жеткізе білуге көмектеседі. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Сөйтіп өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, қоршаған адамдардың іс-әрекетіне еліктейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Мәселен қазақтың ұлттық ойындары: арқан тартыс, орамал тастамақ, қыз қуу, бәйге, алтын сақа т.б. балалардың еңбекке деген қарым қатынасы мен қабілеттілігін арттырады. Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану оқу іс-әрекетінің тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Балаларды көбіне «Сиқырлы қоржын», « Көкпар» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Бала ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Тәрбиеші әр баланың еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Оның тәрбиелік маңызы мынада, ол баланы зеректікке, бірлікке баулиды. Бабаларымыздың асыл қазыналырына деген көз қарасын құрметтеуге, сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді. Ендеше еңбекке баулы сабағын ұлттық ойындар арқылы сабақтастырып түсіндіру, пән тақырыптарын жылдам меңгеруге ықпал етеді. Баланың сөздік қорын байыта түседі.
Ұлттық ойындарды жанұя тәрбиесінен бастап, балабақшада түрлі тәрбиелік шараларда қосымша материал ретінде пайдалану қажет. Мен ұлттық ойындарды балаларға серуендерде, оқу іс-әрекеті барысындағы , бой сергіту кезінде, ертеңгіліктерде, спорттық шараларда ойнауға ұсынамын.
Осындай мақсатта мен өзімнің әріптестеріме көмек ретінде осы әдістелік нұсқаулықты ұсынып отырмын.
Ұлттық ойындардың бала тәрбиесінде алатын орны ерекше. Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.
Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесіне тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері оқу іс-әрекетінде өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен.
Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.
Ойын үстінде бала бейне өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне бөленеді. Бірақ бала одан ойын екенін білмейді деген түсінік тумайды. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтіп көрейік» деуі, олардың «ойынды ойын» деп түсінуінде жатыр.
Осыдан келіп ойын туралы мынандай тұжырым жасалады :
а) ойын - тәрбие құралы, ақыл-ойды, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, өмірді танытып, сезімді кеңейтеді тәрбиелейді.
ә) ерік және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді.
б) ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі.
в) эстетикалық тәрбие беру - өнерді, көркемдікті түсіндіру құралына айналады.
г) еңбек тәрбиесін беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді.
д) дене күшінің жетілуіне көмектеседі - ойын баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады.
Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды. Бұл пікіріміз жалаң болмас үшін заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы ойшылдарымыздың бірі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің мына бір пікірін еске ала кетейік: «Біздің заманымыздың өмір кешкен ұзақ жолында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір мағыналары болған».
Халқымыз ұлт ойындарында ұрпақ қамын ойлаған, бір жүйеге келтіріліп өрнектелген ой мен әрекеттің, құпия философияны түсінуге жетелейтін адамгершілік үлгі-өнегенің желісі бар. Жас бала ойынға алдымен үйренуші, көруші өсе келе соған белсенді қатынасушы келесі кезеңді үйретуші, жаттықтырушы, ұлғая келе көруші жанкүйер ретінде қатынасады. Кейінгі кезде ұлт ойындарына көңіл бөлмеу нәтижесінде, көбі ұмыт болып, мүлде жоғалуға жуық.
Ұлт ойындарын жанұя тәрбиесінен бастап, балабақшада түрлі тәрбиелік шараларда қосымша материал ретінде пайдаланып келеміз.
Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала
емес, мәні жағынан да балабақша тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп – жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі. Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді, демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түспек. Фольклортанушы ғалым Ә.Диваев «Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде адамның жас ерекшелігін үш топқа бөледі: «...өмірге келгеннен бастап жеті жасқа дейінгі бала, жеті жастан он бес жасқа дейінгі балалар, он бес пен жиырма жас аралығындағы жастар...». Осының негізінде қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа, сол жастағыларға лайықты: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыр теке, қуырмаш, алақан соқпақ, ақ серек-көк серек» т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тастамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, асық, хан талапай, теңге алу, қыз қуу, орамал тастамақ, ақсүйек, күрес» т.б. ойындарын жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады.
Ұлт ойындары – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, сондықтан оны күнделікті оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор екендігі сөзсіз. Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Алғашқы қауымдық құрылыс, ертедегі тайпалардың одаққа біріккен дәуірлері ұлт ойындарының едәуір дамыған кезеңі болды. Көшпелі өмір кешіп, мал баққан тайпалардың көзін ашқаннан көрген театры да, өнері де, көңіл көтерер қызығы да осы ұлт ойындары еді.
Халық арасында «Денсаулық – зор байлық» деп тегін айтылмаған. Бұл арқылы халық даналығы тіршіліктің негізгі көзі осы денсаулық екенін тағы ескертеді. Адамның денсаулығы жас кезінен бастап қалыптасуы керек. Демек, кезінде ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас организмнің дұрыс та сергек өсуінің көзі. Онымен бірге бүлдіршіндер ойын ойнаған кезде көпшіл, Отанның болашақ азаматы болуға, халқына адал қызмет етуге бағыт алады.
«Бесік жырынан» бастап ұлт ойындарының барлығы халық тәрбиесінің көзі. Қай дәуірдің ұрпағына болмасын тіршілік жолына бағыт сілтеп, өмірге аттандырады. Халық жырлары ата-ананың балаға қойған бірінші сенімі, тілек-талабы. Мұның бәрі баланы ойната, көңілдендіре, бойларын сергіте жүріп айтылады да, өміріне рухани азық болатын өнегелі де ілтипатты сөздерді жас кезінен құлақтарына құя береді. Ал ойындар болса баланың осы айтылған өнеге-өсиет сөздерін күнделікті тіршілікте тәжірибе жүзінде іске асырудың құралы болды. Айталық, ойын үстінде осы айтылған өнеге-өсиет бастан аяқ қолданылады, осы негізде оның бойында адамдық қасиеттер қалыптаса бастайды. Демек, ойын әр түрлі әрекетке қозғалысқа, денешынықтыруға ғана төселдіріп қоймай, өмірдің рухани азығы – үлкеннің барлық қасиетін, яғни баланың жан-жүйесіне әсер ететін этикалық, эстетикалық тәрбиені қабылдауға қалыптастырады.
Ұлттық ойынның бірі – «Ұшты-ұшты». Бұл ойынға ересек балалар мен кішкентай балалар да қатысса қызықтырақ болады.
Ойын ережесі : Бір бала ортаға шығып жиналғандарды дөңгелете, өзіне қаратып бір қатарға отырады. Содан кейін ойынның ойналу тәртібін түсіндіреді. Сөйтіп ойынды бастайды. Ойын жүргізуші «Ұшты-ұшты бөдене ұшты» деп қолын көтереді. Сол кезде ойнаушылар тыңдап отырады да ұшатын затқа олар да қолдарын көтереді. Ұшпайтын затты ұшты деп қолын көтерсе, ойын жүргізушімен бірге қолдарын көтерген ойыншылар жазасын тартады. Ал ұшатын затты айтқанда, қолдарын көтермей қойса онда да жаза тартады. Сондықтан ойын жүргізушінің әр айтқан сөзіне өте сақ болу, қырағы болу керек.Ойын жүргізуші ұшатын зат пен ұшпайтын затты ұйқастырып айтып ойыншыларды ылғи да жаңылдырып отыруға тырысады. Тіпті көпшілікке таныс емес құстардың атын айтып та, ұшатын жәндіктердің атын айтып та жаңылдыруға болады. Мысалы, ұшты-ұшты кекілік ұшты, ізінше кекілік ұшты, қарға ұшты – сырға ұшты, көбелек ұшты – ебелек ұшты, тауық ұшты - уық ұшты, қаршыға ұшты - қанжыға ұшты деп жалғаса береді.
Жалпы ұлттық ойындарды мынадай төрт топқа бөлуге болады:
1. Аңға байланысты ойындар: «Ақсерек-көксерек», «Аңшылар», «Аңшылар мен қояндар», «Ордағы қасқыр».
2. Малға байланысты ойындар: «Асау көк», «Бура-қотан», «Көк сиыр», «Соқыр теке», «Түйе мен бота».
3. Түрлі заттармен ойналатын ойындар: «Ағаш аяқ», «Аққала», «Ақсүйек», «Арқан аттау», «Арқан тартыс», «Асау мәстек», «Асық», «Жаяу көкпар», «Күміс ілу», «Қыз қуу», «Орамал тастамақ», «Түйілген орамал».
4. Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар: «Айгөлек», «Айдапсал», «Аударыспақ», «Бағана өрмелеу», «Бөріктастамақ», «Жасырынбақ», «Жаяу жарыс», «Көкпар», « Ұшты-ұшты».
Халық ойындарын оқу іс-әрекет барысында пайдалану баланың алған білімін күнделікті өмірімен берік ұштастыруға қолайлы. Мысалы: есеп сабағында балалардың ой өрісін дамытатын «Санамақ ойыны». Оның басты ерекшелігі баланың ойлау қабілетін жетілдіру. Атау ұйқастарын санау арқылы бала сан үйренеді, санға аты ұқсас заттарды танытып біледі.
Бір дегенім білім
Екі дегенім егеу
Үш дегенім үкі
Төрт дегенім төсек
Бес дегенім бесік
Алты дегенім асық
Жеті дегенім желке
Сегіз дегенім серке
Тоғыз дегенім торқа
Он дегенім оймақ
Он бір қара жұмбақ
Мектепке дейінгі жастағы балалардың негізгі ісі ойын болғандықтан оны үйрету барысында олар біртіндеп ойын әрекетінен таным әрекетіне түрлі ойындарды ойнау барысында бейімделуі тиіс. Я.А. Каменский «Ойын айналадағы дүниені танудың тәсілі»- деп атап көрсеткен болатын. Осы сөздің өзінен ақ балалардың танымдық әрекетін қалыптастыруға ойынның
қаншалықты маңызы бар екенін түсінуге болады.
Балаларға ұлттық ойындарды үйрету барысында тек қалыптасқан жұмыс түрлерін ғана қолданып қана қоймай, оған өзгеше әр беріп өткізген жөн деп . Ұлттық ойындардан тұратын эстафеталық жарысты мысалға келтірейік. Жалпы эстафета түрінде ойналатын ойындар әрі тартымды, әрі қызықты өтетіні мәлім. Оның үстіне бұл ойындар кезінде балалардың қимыл- қозғалыс деңгейінің әлдеқайда жоғары болатыны дәлелденіп отыр.
Ересектер тобының балаларын теңдей екі топқа бөліп әр топқа жеке бірінші топқа «Тұлпар» екіншісіне «Сұңқар» деп ат қойылады. Эстафета ойыны залда өткізіледі. Қолданылатын құралдар: ішіне құм толтырылған қапшық белбеу , қазық 1метр, ұзындығы 3-3,5метр арқан .
Тәрбиеші:- Балалар бүгінгі сендермен ойналатын жарыс түріндегі ойындардың барлығы біздің ата- бабаларымыздан келе жатқан қазақтың ұлттық ойындары. Бүгін біздің бұл жарысымызға «Тазша бала» өз сыйлықтарын алып келіп отыр. Оны жеңіске жеткен топқа береді, әрі жарыстың бас төрешісі де «Тазша бала» болады. «Тұлпар» мен «Сұңқар» бір-біріне жалынды сәлем бергеннен кейін ойын басталады.
1.Теңге алу ойыны.
Ойын барысы: Екі топ балалары екі қатар болып, бірінің артынан бірі тізбекке тұрады. Тізбек арасы 3-4метр. Белгі бойынша бірінші тұрған балалар қарсы алдында 5-6метр жерде жатқан теңгені (құм толтырылған қапшық) ат үстінде шауып бара жатып, іліп алып онан әріде 3-4 метр шамада орналасқан межені сағат тіліне қарсы бағытта айналып өтіп теңгені қайтарды өз орнына тастап тізбек соңына беттейді. Өзінен кейінгі әріптесінің қолына қолын тигізген соң, келесі ойыншы аттанады. Ескерту қай топ бірінші аяқтаса сол топ жеңімпаз аталады.
2.Тұмақ ұру.
Ойын барысы : Бұл ойынға қағаздан жасалған қалпақ , белбеу қажет. Белгілі сызықтан он адым жерде қазыққа қалпақты іледі. Ойыншының көзін байлап қолына белбеу береді. Бала адымдап барып, қалпақты үш кезекте ұрып түсіруі қажет.
3.Арқан түю.
Ойын барысы: Қолында арқаны бар бала шеңбер ортасына шығады да «Ойынды бастадым»- деп дауыстайды. Сонан соң арқанның түйілген жағынан ұстап, шеңбер бойымен айналдырады, ал ойнаушылар болса секіріп тұрып арқанды аяқтарының астынан өткізіп жіберулері қажет. Кімде кім арқанды өткізе алмай аяғына тигізіп алса, айып тартады (тақпақ, мақал мәтел, жаңылтпаш, ән айтады). Сосын ойын жүргізушімен орын алмастырылады. Осылайша ойын 3-4 қайтара жалғасады.
Тәрбиеші: - Балалар бүгінгі жарыстың қорытындысы бойынша «Тұлпар» тобы басым түсті. Сондықтан бұл топ балаларына «Тазша баланың» арнайы даярлаған сыйлықтары беріледі.
Тазша бала: «Сұңқар» тобы да өте жақсы өнер көрсетті. Келесі жарыстарда олар жеңіске жетеді деп сенемін дейді.
Мұндай ойындарда жас организмнің өсіп жетілуіне қажетті ептілік, жылдамдық арақашықтықты сезіну қоршаған ортаны бағдарлау сияқты қимыл- қозғалыс қасиеттері дамиды.
Ұлттық ойындар
Омпы
Асықты мұртынан немесе жамбасынан
тұрғызуды «Омпы» дейді. Омпы ойынына
2-10 балаға дейін қатыса берулеріне болады.
Ара қашықтығы 10-20 адым ( қалаулары бой-
ынша) жерге екі көмбе сызады. Әр қайсысы
көмбенің тең ортасына белгіленген сызық бойындағы көнге екі асықтан тігеді. Ортасына бір асықты омпысынан тұрғызыда. Көм-бедегі сызық бойына кезекке тұрып, қолдарындағы сақалары мен көнге тігілген асықтарды атып түсірулері керек. Атып алған асық- тары өздеріне қалады. Егер омпыға тигізсе, көндегі барлық асық-тарды алады. Неғұрлым көп асық ұтып алғандар жеңіске жетеді.

Көтермек.
Ортаға екі бала шығады. Бір- бірлеріне ар-қаларын тіреп тұрып қолдарын шынтақтастыра-
ды. Жүргізушінің белгісінен кейін жерден қай-
сысы бұрын екіншісін көтеріп аласа, ұтқан болып есептеледі. Жеңіске жеткендері ортада қалып, келесі баламен сайысқа түседі. Соңғы жеңімпаз анықталғанша, ойын осылай жалғаса береді.

Түйілген орамал
Алдымен кез- келген орамалды түйіп- түйіп
доп тәріздес етіп алады. Бір бала ортада тұрады, қалғандары оны қоршап тұрады. Сыртта тұрған біреуінің қолында түйілген орамал болады. Берілген белгіден кейін ортада тұрған бала осы орамалды сырттағы балалардың қолдарынан алып қоюға әрекеттенеді. Ал сырттағы балалар бір-біріне лақтырып, қашып, ортадағы балаға түйілген орамалды бермеуге тырысулары керек. Орамалды беріп қойған бала ортада жүрген баламен орнын алмастырады.

Хан алшы
Ойынға 5-10 балаға дейін қатыса береді. Асық көп болу керек. Көп асықтың ішінен үлкенірек біреуін қызыл түске бояу қажет. Осы асық
« Хан» болады. Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушыны тағайындап алады. Осы бала асықтың бәрін уысына жиып алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар «Ханның» қалай түскенін байқап отырады. Егер «хан» бүк, шік, тәйкі түссе, ойын бастаушы бала « ханның» түсуіне қарай жақын асықтарды бас бармақтардың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере- ыршытып біріне – бірін дәлдей отырып тигізеді.Тигізген асықтарды өзіне алады. Осы арада «ханды» тек ең соңғы өзі сияқты жатқан асықпен атып алуға болатынын ұмытпаған жөн.Ойын бастаушы басқа асықтарға қолымен не асықпен тиіп кетсе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал, егер «хан» алшысынан тұрса, «ханды» әрқайсысы өз қолдарына түсіруге әрекеттенеді. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жетеді. Ойынды да сол жеңген бала бастайды.

Тақия тастамақ
Ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар, шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп жүріп, бір баланың артына білдіртпей тақияны тастап кетеді. Егер сезіп қойсаңдар, жүргізушіні қуып жетулері керек. Ал, жүргізуші қуған
баланың орнына келіп тұра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді.


Оқтау тартыс
Бұл ойынды ойнау үшін де ортаға екі бала
шығады. Алдымен жерге сызық сызады және сол
сызықтың екі жағына тұрады. Енді оқтаудың екі
ұшынан ұстап тартады. Қайсысы сызықтан өтсе, жеңіледі. Ал, күші басым болып тартып алғаны жеңіске жетеді.

Күш сынаспақ
Бұл ойын стол үстінде екі баланың білек сынасуымен орындалады. Екі бала шынтақтарын столға тіреп қол бастарын айқастырады. Кім білекті столға жықса сол бала жеңіске жетеді. Бірақ баланың қауіпсіздігі қатаң бақыланады.

Әтеш күрес
Балалар екі топқа бөлінеді.Осы екі топтан екі бала шығып , кәдімгідей күреседі.Оның ең қызығы, басқаша күрестен айырмасы тек жалғыз аяғымен ақсаңдай жүріп, иықтарын қағып күресуінде. Бұл күрес балалардың нық басып,орнықты жүруін жетілдіреді. Күресте бір аяғын тізесінен бүгіп, мата белбеуін байлап тастайды. Қайсысы сүрініп жығылса , сол ұтылады.

Ақсерек –Көксерек
Бұл ойынды ойнау үшін балалар екі топқа бөлінеді де, қолдарынан ұстап тұрады. Ара қашықтық 20-30 қадам.
Бөлінейік екіге,
Тұрайық жолдың шетіне,
Қол ұстасып алайық,
Ажырамастай бекіне.
Бірінші топ:
- Ойынға бала көп керек,
Қалмасын ешкім өкпелеп.
Ақсерек – Көксерек,
Сіздерге бізден кім керек?
Екінші топ:
Мықты біздің шебіміз,
Бұздырмаймыз, тегі, біз,
Болса сынап көріңіз,
Күшіңіз бен ебіңіз.
Біздің берік араны, -
Екпінмен соғып қалады.
Бұзса олжа алады,
Бұзбаса тұтқын болады.
Шақырамыз сынаққа,
... – деген баланы.

Аты аталған бала келесі топқа дейін жүгіріп барып ортасынан ұстасқан қолдарды ажыратып кету керек. Егер өтіп кетсе сол топтан бір баланы тобына алып қайтады, өте алмаса сол топта қалады. Ойын осылай жалғаса береді.

Қыз –қуу

Балалар арасынан бір ер бала, бір қызды (ағаш атпен) қуады. Бала қызға жетіп қолынан ұстаса ол жеңіске жеткені. Кейде қызды 2 бала да қуады. Қай бала бұрын жетіп қыз қолын ұстаса сол бала жеңіске жетеді.

Асау мәстек

Ойын бастаушы арқанды жерден 50 см –дей биік етіп керіп байлайды да қасындағы балаларға былай дейді:
Ер екеніңді білейін
Ешкі сойып берейін
Тақия алсаң еңкейіп
Құламасаң теңкейіп
Ерлігіңе сенейін
Ойын шартын қабылдап , ортаға шыққан бала:
Асау мәстек бұл болса
Үйретейін көріңіз
Маған таяқ беріңіз!-дейді де таяқпен арқаннан асылып жердегі тақияны іліп алуы керек. Ойынды келесі бала осылай жалғастырады.

Соқыр теке

Балалар дөңгелене тұрады. Бір баланың көзі байланып қойылады.
Балалар:
-Бота, бұзау, қозы, лақ,
Қайда кеткен құлыншақ.
Соқыртеке бақ-бақ
Мені ізден тап-тап- деп тақпақтайды.
Содан кейін Соқыртеке (баланың көзі байлаулы) баларды қуалайды немесе балалар оның жанына келіп түртіп қашады.Соқыр теке ұстап алған баланың көзі байланады да ол «соқыр теке» ролін атқарады. Ойын осылайын жалғаса береді.

Әуе таяқ

Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топта 5-тен 10 –ға дейін ойыншы болады. Екі топқа екі таяқша (жұмсақ) беріледі, жерге түзу сызық сызылады. Ойыншының біреуі ортаға шығады да бір алақанына зат жасырып,екінші қолының жұдырығын бірдей жұмады.
Екінші ойыншы зат жасырылған қолды тапса, ойынды бастаушы сол болады. Сөйтіп қолындағы таяғын жоғары лақтырады. Осы кезде қасындағы екінші бала таяғымен лақтырылған таяқты қағып түсіруі керек. Таяқты қағып түсірген бала өз тобына ұпай әкеледі.

Қарақұлақ

Ойынға 5-10 бала қатысады. Олар оңаша жерге топталып өз араларынан бір баланы қазық етіп белгілейді. Қазық тұрған жерінде қозғалмай тұрады. Басқалары әрі кетеді.Содан кейін ойынға қатысушылар қазықты алыстан қоршап бірте-бірте жақындай түседі. Таяп келіп: - Мынау кім? –деп бір-бірінен сұрасады. Біреуі: - Ойбай бұл қарақұлақ қой!-деп қаша жөнеледі. Қалғандары да:
-Қарақұлақ,қарақұлақ!-деп бытырай қашады. Қарақұлақ біреуін ұстау үшін тұра қуады. Ұсталған бала қарақұлақ болып, ойын әрі қарай жалғасады.

Алақан соқпақ

Ойынға қатысушы балалар үйге немесе оңаша жерге жиналады да дөңгелене отырады. Орталарынан бастаушы белгілейді. Оған сүлгі (орамал)беріледі. Бастаушы шеңбер ішін айнала жүріп біреуге –Алақанды тос!-дейді. Ол тосқан кезде бастаушы оның алақанына сүлгіні тигізіп: -Сүлгі қайда?-деп сұрайды. Сонда ойыншы «анада» -деп бір баланың атын атайды. Аты аталған ойыншы орнынан тұрып алақанын тосады. Бастаушы: -Сүлгі қайда?-деп атын айтады. Ойын осы ретпен жалғаса береді. Жақсы өлең айтып ән салғандар ұпай жинайды.

Атқаума

Ойынды 6 бала 3-3-тен бөлініп ойнайды. Бір бала сол қолымен өзінің оң қолының білезігінен ұстайды. Содан кейінгілері де солай істейді де бір-бірімен қолдарын айқастырады.Үшінші бала көзі таңыулы күйде екі баланың айқасқан қолына отырады. Қолдасып тұрған балалар:-Атқаума, атқаума –деп қаумалай көтерген бойы мөлшерлі жерге дейін жетеді. Бірінші бала: -Ақ сандық, көк сандық десе, көзі таңулы бала: -Көк сандық , ақ сандық деп жауап береді. Қаумалап келе жатақан балалар :
-Бақа, бақа балпақ ,
Басың неге жалпақ?
Бақа, бақа балпақ ,
Бұтың неге талтақ ?
Бақа, бақа балпақ ,
Көзің неге тостақ ?- дейді.
Бұған көзі таңулы бала былай деп жауап береді:
- Темір терсек көп киіп ,
Басым содан жалпақ.
Су бетінде көп жүзіп,
Бұтым содан талтақ.
Ұзақ жолға көп қарап,
Көзім содан тостақ –деп жауап береді.
Балалар қолдарын жіберген кезде бала құлап түссе, айып тартады. Құламай тік түссе жеңіске жетеді.

Сақина жасыру

Ойынды өткізуші және сақина жасырушы бала белгіленеді. Қалған ойыншылар жерге отырып тізілерінің үстіне алақандарын жаяды. Бастаушы жұмулы қолын әрбір ойыншың алақанына салысымен, ол бала алақанын жаба қояды. Бастаушы бір баланың алақанына сақина салысымен, ойыншылардың біреуінен:-«Сақина кімде»-деп сұрайды.Ол сақинаның кімде екенін білсе сол баламен орнын ауыстырады. Ал білмесе ол өз өнерін көрсетеді. Ойын басқарушы ойынды осылай жалғастыра береді.

Белбеу соқ

Ойыншылар екі-екіден жұптасып шеңбер жасап тұрады. Бірі белбеуді алып екіншісін қууға тиіс. Қашып жүрген бала шеңбердегі жұптасып тұрған екі баланың алдына келіп тұрады.Артық қалған үшінші бала қаша жөнеледі.Ойыншы оны қуып жетіп белбеумен соғады да, өзі де бір жұптың алдына тұра қалады.Оның орнына келесі ойыншы шығып,ойынды жалғастыра береді. Белбеу ең соңында кімде қалса сол ойыншы жеңіліске ұшырайды да өз өнерін көрсетеді.

Арқан түю

Балалар шеңбер жасап тұрады. Қолында арқаны бар жүргізуші топ арасынан шығады да:-Ойын басталды –деп дауыстайды. Сонан соң арқанның түйілмеген басын ұстан шеңбер бойымен айналдырады, арқанды балалардың аяқтарының астынан жібереді. Балалар арқан үстімен секіріп тұрады. Кімде-кім аяғына арқан ілініп,секіре алмай қалса ол бала ойынды тоқтатып өнер көрсетеді, тақпақ, өлең айтады немесе билеп береді. Ойын осылай жалғаса береді.

Допты қуып жет
Ойын мақсаты: балаларды шыдамды,сабырлы қалыпта берілген белгіні тыңдауға, тез жүгіругі, түсетерін, көлемін ажырата білуге баулу.
Ойынның шарты: Бұл ойынға 5-6 бала, тәрбиеші басқаруымен қатысуымен ойналады.Тәрбиеші доптарды себетке салып алып, балалардың алдына домалатып жібереді. «Допты қуып жет»-деген белгі бойынша , балалар допты ұстап алып тәрбиеші ұстап тұрған себетке салуы керек.

Тышқан мен мысық

Ойын мақсаты: Балаларды шапшаң әрі шыдамды болуға, ұйымшылдықққа үйрету.
Ойын шарты: Бұл ойынға топ балалары бәрі тегіс қатыса алады. Балаларды (қақпа қалың) дөңгелете тұрғызып, ортаға тәрбиеші көмегімен тышқанмен мысық сайланады. Мысық тышқанды қуып ұстап алуы керек. Дөңгелене тұрған балалар тышқанды яғни мысықтан құтқару үшін, қақпадан тышқанды шығарып жіберіп мысықты шығармауға тырысады. Мысық тышқанды ұстау үшін шапшаңдық керек. Мысық тышқанды ұстап алса,ойынға келесі жаңа балалар қатыса отырып алмаса береді.

Түлкі мен балапандар

Ойын шарты: Бұл ойынды балалар 7-8 ден бөлініп ойнайды.Топ ішінде бір баланы «түлкі» етіп сайлап,қалған балаларды балапандар деп әрқайсысына бетперде кигізіп ойын ойналады. Ойында балапандар түлкі кейіпкеріне ұсталып қалмауы үшін,тәрбиеші көмегімен белгі бойынша ойынды бастап аяқтауы тиіс. Балалар шапшаң кең бөлмені айнала қашуы тиіс. Түлкіге ұсталған балапан айып төлейді.

Ұйқыдағы аю

Бұл ойынға топ балалары 2-ге бөлініп қатысады.
Ойын шарты: Топ ішіндегі бір баланы аю бетпердесін кигізіп орындыққа отырғызып қояды. Балалар орманда серуендеп келе жатып, ұйқыдағы аюдв көреді. Аю болса балалардың шуылынан (дыбысынан) оянып кетіп, балаларды қуа жөнеледі.Ұстап алған баланы өз мекеніне отырғызып қояды. Ойын қайта жалғаса береді.

Ат жарыс

Бұл ойын екі командаға бөлініп ойналады.
Ойын шарты: Балалар тәрбиешінің «Алға»-деген белгісі бойынша, ат үстіндегі қимылын салып жарысады. Қай команда мәреге тез жетіп келеді. Сол команда жеңімпаз болады.
17
Үй артында қол ағаш
Ойынды топ бала болып ойнайды.
Ойын тәртібі: Қатысушылар бірінің қолынан бірі ұстап дөңгелене тұрады. Ойын бастаушы не белбеу, не орамал алады да , дөңгеленіп тұрған топтың сыртын айнала жүгіріп былай дейді:
-Үй артында қол ағаш,
Желбау тартам , есік аш -деп бірнеше қайталайды.
Дөңгелене тұрған балалар:
- Үй артында қол ағаш
Жел кірмесін ,ескі аш-деп бірігіп жауап қайтады.
Тұрған балалар ұстасқан қолдарын ажырат пайды. Ол-есік ашпағанның белгісі.
Енді:
-Үй артында қол ағаш,
Желбау тартам есік аш-деп жүгіріп жүрген бала өз алдындағы баланың артына ормалмен бір соғып қалады да , орамалды сол балаға тастай сала:
-Үй артында қол ағаш,
Озам десең ала қаш-деп өзі сол бетімен жүгіре береді. Осының боларын біліп, әзір тұрған бала да «Қол ағашты ала сала, әлгі балаға қарма-қарсы жүгіреді. Бұл кезде дөңгелене тұрған балалар:
Үй артында қол ағаш,
Қол ағаштан ала қаш
Бұрын келген балаға
Тездеп барда есік аш,-деп барлық бала хормен айтады. Ойын осылай жалғаса береді.

Қуыр-қуыр қуырмаш

Оң қолдың бес саусағын бір жерге түйістіреді де, сол қолымен оны бүрмелеп қапсыра ұстайды.Содан соң екінші балаға:
-Ортаңғы саусағымды тапшы?-дейді. Екінші бала қарап байқап отырады да: Міне.-деп бір саусақтың басынан шымшып ұстап тұрады. Егер екінші бала жасырушының ортаңғы саусағын дәл тапса, ұпайды бірінші бала тартады.Ұтқан бала ұпай алу үшін мына ережелермен сөздерді жақсы білуі керек.
1. Бас бармақтан бастап шынаққа дейін саусақтардың атын бір түгел атап бередуі: басбармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек. Бес саусағын түгел жұмады.Тағы да бас бармағыннан бастап,былай деп бес саусақты түгел жазады.
Сен тұр қойыңа бар
Сен тұр түйеңе бар
Сен тұр жылқыңа бар
Сен тұр сиырыңа бар
Сен кішкентай әлі жас екенсің
Қазанның қаспағын қырып же де, жыламай отыра тұр.
Енді осы шынашақтың өзін алақан шұңқырына бүгіп тұқырта ұстайды да:
Қуыр-қуыр ,қуырмаш
Балапанға бидай шаш
Әжең келсе есік аш
Қасқыр келсе мықтап бас
Шынашақты шыр айналдырып,баланың алақанын қытықтайды. Осыларды істеп бола беріп:
-Мына жерде қой бар
Мына жерде жылқы бар
Мына жерде күлкі бар - деп баланың білегінен қолтығына дейін түртіп ең соңында мына жерде күлкі бар –деп сәл ғана қытық-қытық деп қытықтайды .

Үш табан

Бұл ойынды үш-төрт баладан топтап екі-үш жерде ұйым-дастыруға болады. Ойын шарты бойынша әр балаға бір-бірден асық, бір-бір сақа беріледі. Көмбеге бір-бірден асық тіккен әр топтың ойыншылары өз алаңдарында жеке-жеке сақаларын иіріседі. Сақасы алшы түскен бала бірінші болып одан кейінгілері рет-ретімен (тәйке,бүк,ішік) «ұшуға» кіріседі. Ұшу дегеніміз-көмбеден алшақтау жерге барып сақа иіру.Сақасы алшы түскен ойыншы бірден көмбедегі тігіулі асықты атуға жолдама алады. Осылай болмаған жағдайда асық ату бәрі ұшып болған соң бастапқы кезек бойынша жалғасады. Алысқа ұшқан асыққа мергендер тигізе алмаса, көмбеде қалған ойыншыға кезек тиеді. Көздеген асығына дәл тигізіп және оны көмбеге жиегін алып
өлшегенде үш табан артық қашықтыққа ұшырған ойыншыны қашан келесі асыққа тигізе алмай қалғанша атуды жалғастыра береді. Болмаса атқан асығы үш табаннан аспай қалғанда ғана ойынды тоқтатып, өзінен кейінгі бәсекелесіне кезек беруіне мәжбүр болады.
Ереже бойынша ұтылған бала ойыннан шығып қалады. Сөйтіп айналасы екі-үш айналымның ішінде әр көмбеден бір-бір жеңімпаз шығып, олар енді орталық көмбеде ақтық (финал) сайысқа түседі. Бұл шешуші жарысқа бірінші, екінші орынға ие болған мергендерге арнаулы жүлделер тапсырылса нұр үстіне нұр.


Пайдаланылған әдебиеттер:


1. «Бала мен балабақша» №3, 2010 жыл Республикалық педагогикалық журнал
2. Кел, балалар, ойнайық! – Алматы «Арда» 2006 ж.
3. Қазақтың ұлттық ойындары – Алматы «Рауан» 1991 ж.
4. Ақ сандық, көк сандық – Алматы «Жазушы» 1988 ж.
5. Бала тәрбиесі № 2 2006 ж , № 4 2008 ж


Дата: 01.06.2015

Мектепке дейінгі жастағы балаларға мемлекеттік тілді оқыту тәжірибесі.

№17"Күншуақ" балабақшасы әдіскері Икрамова С.М.



Қазақстан Республикасының Конституциясы

7-бабы: Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.

Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!- деп Қадыр Мырза Әли атамыз айтқандай, қазіргі таңда балабақша табалдырығынан бастау алатын тағылымды тәрбиенің тәлімін бала бойына қалыптастыратын, ұлтжандылық пен адамгершілікті жүрегіне ұялататын ошақтың елімізде өсіп келе жатқан әрбір ұрпаққа қазақ тілін меңгерту басты мақсаты.
Қазақ тілі - әлеуметтік, рухани – адамгершілік, эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. Балалардың сөйлеу мүмкіншіліктерінің даму барысында қазақ тілінің оқыту мен тәрбие берудегі рөлі күннен күнге арта түсуде.
Қазақ тілі балаға ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, жұмысында, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтын-дай білім бере алатындай аса білікті пәндердің бірі. Қазақ тілін үйреніп жүрген балалардың тілі тез дамуы үшін оны қоршаған адамдар да осы тілде сөйлесіп, араласуы қажет. Сондықтан кішкентай бүлдіршіндерге балабақша қабырғасынан бастап тіл үйретудің маңызы зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен оқыту барысында бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім деңгейі нақты бағдарла-мамен берілген.
Жалпы дамытатын үлгідегі №17 балабақшасы аралас тілді балабақша болғандықтан қазақ тілін тез және жеңіл түрде үйрету бастапқы мақсатымыз.
Осыған орай балабақшаның алдына қойған мақсаты:
- балалардың қазақша ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыру
- балаларға сапалы да терең білім беру
- балалардың ойлау дағдылары мен есте сақтау қабілеттерін жетілдіру
- қазақ тілінде сөйлеу дәрежесін көтеру
- қазақ тілін құрметтеуге тәрбиелеу
Осы алға қойған мақсаттарға жету үшін балабақша ұжымы мынадай міндеттермен жұмыс жасады:
- балалардың қазақ тіліндегі сөздік минимумын қалыптастыру
- тәрбиелей және дамыта оқыту
- қазақ тіліндегі дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету
- байланыстырып сөйлеуге үйрету
- алғашқы граматикалық дағдыларды бекіту
- ауызекі сөйлеудің қарапайым түрлерін меңгерту
Біздің балабақшада қазақ тілін үйрету 3 жастан бастап, шағын топтармен өткізіледі. Екінші сәбилер тобында айына 2 рет, естияр және ересек топтарда қазақ тілі оқу іс-әрекеті аптасына екі рет болса (бір рет үйірме ретінде жүргізіледі), мектепке даярлық топтарда аптасына үш рет жүргізіліп, «Отбасы», «Балабақша», «Жыл мезгілдері», «Ойыншықтар», «Отан» т.б. жалпы тақырыптарды қамтиды.
Мекеме басшылығы қазақ тілінен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті өтетін бөлме бөліп, қажетті оқу - әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіп, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге жағдайлар жасаған. Сонымен қатар Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығы балаларға қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік құралдармен, жұмыс дәптерлерімен және көрнекі құралдармен қамтамасыз етіп, әдістемелік көмек көрсетеді.
Балабақшамызда «Айгөлек» үйірмесі жұмыс істейді.
Үйірменің мақсаты:
- қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыру
- ұлттық ойындармен таныстыру, ережеге сай ойнай білуге үйрету
- ертегілерді драматизациялау арқылы балалардың тілдерін дамыту
- қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру
- тіл байлығын дамыту
Әрбір оқу жылында балабақшамызда Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңын іске асыру бойынша жоспар құрылады. Осы жоспарға сәйкес тілдер мерекесіне байланысты жыл сайын іс-шаралар ұйымдастырылады, балабақшаның іс-қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі және сәйкес ересек топ балалары облыстық өлкетану мұражайында саяхат жасайды.
Балабақшамызда балалардың қазақ тілін меңгеру мониторингісі жасақталған.
Топтар 2010-2011
оқу жылы 2011-2012
оқу жылы 2012-2013
оқу жылы
ІІ сәбилер 60% 65% 68,9%
Естиярлар 65% 70% 78,1%
Ересектер 75% 76% 79%
Мектепке дайындық
тобы 78% 79,2% -

Қазіргі таңда қазақ тілінің дамуына барлық жағдай жасалған, тек соған көңіл қойып, қазақ тілін үйренем деген ниет керек. Балабақшада мекеме қызметкерлерінің арасында мемлекеттік тілді оқып, үйренуде бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Аптасына 1 рет мемлекеттік тілді үйрету курсы жүргізіледі. Сабақ өткізу үшін қажетті оқулықтар, әдістемелік құралдар, сөздіктер жеткіліктімөлшерде. Әр аптаның сәрсенбі күні мемлекеттік тіл күні деп аталған, осы күні мекеменің барлық қызметкерлері бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі. Меке-меміздегі өзге ұлт қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылық-тарының арта түскенін байқауға болады. Мысалы: әуен жетекшісі Казанцева И.А. қазақ халық әндерін нақшысына келтіріп айтып, ата-аналарды таңқалдыруда.
Қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, балабақшамыздағы өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқының салт-дәстүріне деген құрметін тәрбиелеу мақсатында балабақша қызметкерлері арасында әртүрлі сайыстар өткізіліп отырады. (
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай орыс тілді балалар арасында қазақ ақын жазушыларының өлеңдерін қазақ тілінде мәнерлеп оқудан байқау өткізілді. Осы мерекеге орай балабақша педагогтарының және тәрбиеленушілерінің қатысуымен үлкен концерт ұйымдастырылды.
Жалпы дамытатын үлгідегі №17 балабақша ұжымы ұйымшылдықтың арқасында қалалық, облыстық деңгейлерде түрлі жетістіктерге жете алды.
І. Тәрбиеленушілер жетістіктері.
1. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы балалардың өз Отанын сүйе білу және патриоттық сезімдерін қалыптастыру, қазақ ақындарының өлеңдерін қазақ тілінде жатқа айту арқылы тіл байлығын және мәнерлеп айту қабілеттерін дамыту, қазақ тіліне деген құрметке тәрбиелеу мақсатында Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығы тарапынан ұйымдастырылған «Тәуелсіздік - туым менің!» мәнерлеп оқу байқауында балабақшамыз бүлдіршіні Базарбай Гүлназым Дихан Әбіловтың «Қазақстан Республикам менің» өлеңімен қатысып, ІІІ-орынды иеленді. 2010жыл.
2. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы балалардың қазақ ақындарының өлеңдерін қазақ тілінде жатқа айту арқылы тіл байлығын және мәнерлеп айту қабілеттерін дамыту, өз Отанын сүйе білуге үйрету, патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығы тарапынан ұйымдастырылған «Гүлдене бер, Қазақстаным!» мәнерлеп оқу сайысында балабақша тәрбиеленушісі Жұмағұл Аружан Оразақын Асқардың «Өз туым» өлеңімен қатысып, ІІ орын иеленді. 2011жыл.
3. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы балалардың қазақ ақында-рының өлеңдерін қазақ тілінде жатқа айту арқылы тіл байлығын және мәнерлеп айту қабілеттерін дамыту, өз Отанын сүйе білуге үйрету мақсатында Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығы тарапынан ұйымдастырылған «Отаным-бақыт ордасы» мәнерлеп оқу байқауында балабақшамыз бүлдіршіні Ирахим Айжан Қадыр Мырза Алидің «Елге деген махабат» өлеңімен қатысып "Жігерлі қыз» номинациясымен марапатталды. 2012 жыл.
4. Жас ұрпақ санасына тіл құдыретін, қасиетін ұялату, мемлекеттік тілді нағыз ұлттық тіл дәрежесіне көтеру мақсатымен Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен жылда өткізілетін «Тәуелсіз еліміздің бүлдір-шіндері-болашағымыз!» байқауына балабақша бүлдіршіндері қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Осыған дәлел 2011 жылы Қожабаева Әсел Қанатқызы- 3-орын, 2012 жылы Тұрғанбай Риза Талғатқызы- 1-орын иеленіп, мақтау қағаздарымен марапатталды.
ІІ. Педагог жетістіктері.
1. 2010 жылдың қазан айында өткен «Үздік театрланған алаңдар» қалалық байқауында қазақ тілі мұғалімі қазақ ертегілерінің мәртебесін көтеру мақсатында өз қолымен жасаған «Күн астындағы Күнікей қыз» атты үстел үсті ертегісімен қатысып, жүлделі ІY-орынды иеленді.
2. 2011 жылдың 30-31наурыз күндері өткізілген қалалық «Жыл тәрбиешісі -2011» байқауына балабақшамыздың қазақ тілі мұғалімі Абдибаева Ж.А. қатысып, жүлделі ІІІ-орынға ие болды, дипломмен, заттай сыйлықтармен марапатталды.
3. Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының жоспарына сәйкес мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтардың білім, біліктілік деңгейлерін көтеру, іс-тәжірибе алмасу, оқу-тәрбие жұмысының мазмұнында жаңаша оқытудың иновациялық технологияларын қолдану мақсатын өткізілген “Жетістіктер апталығы” іс-шарасында қазақ тілі мұғалімі Абдибаева Ж.А. №6 ересекте тобында (20 бала қатысты, 21.02.2011ж.) “Оюлар еліне саяхат” атты ашық оқу іс-әрекетін көрсетіп, келген педагогтармен өз іс-тәжірибесімен алмасты.
4. 2011 жылы 18 тамызында облыстық тамыз кеңесінің секциялық жұмысында «Мектепалды топтар мен сыныптардағы балаларға мемлекеттік тілді оқыту іс-тәжірибесі» тақырыбында баяндама оқыды.
5. 2012 жылы қазақ тілі мұғалімі қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыра отырып, қазақ тілін үйрету және туған халқының мәдениетін, салт-дәстүрін ардақтауға тәрбиелеу мақсатында МДМ педагогтарына арналған «Ата-баба дәстүрі - асыл мұра» атты әдістемелік нұсқаулығын шығарды. Нұсқаулық АҚБҮ орталығында бекітілді.
Құрметті облыстық тамыз кеңесінің қатысушылары!
«Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» - деп, Абай атамыз айтпақшы, бүгінгі жас ұрпаққа қамқорлық жасап оларды ізгілікке, адамгершілікке, отаншылдыққа, ұлтжандылықпен мемлекеттік тілге деген құрметке тәрбиелесең ғана еңбегің жемісті болмақ! Ертеңімізді бүгін ойлап, жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу мен жеткілікті білім қорын беру әр ұстаздың міндеті екенін естен шығармайық.

Дата: 08.09.2014

Кел, Жаңа жыл біздерге! (ертеңгілік , естиярлар тобы) Кащиева А.Б.-тәрбиеші

Зал іші көз тартарлықтай безендірілген. Ортада әсем де, сұлу шырша. Түрлі-түсті ойыншықтармен безендірілген. Көңілді музыка әуенімен балалар залға кіреді.
Тәрбиеші: Жапалақтап ақша қар,
Жауды күнде қайталап.
Қырға шықты балалар,
Шаңғыларын арқалап.
Қуаныштың бүгінгі,
Басылмайды ыстығы.
Қосылып біз бәріміз,
Қарсы алайық жыл басын.
Құрметті балалар, ата-аналар! Біз сіздермен бір жыл бойы қызығы мен қуанышы мол, есте қаларлықтай мерекелерге толы ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алғалы отырмыз. Келіңдер, балалар, мерекені бастайық.
Сатыбалды: Жаңадан тақпақ
Аламыз жаттап.
Жаңа жыл келді,
Жаңа жыл аппақ
Кәусар: Жасыл желек жамылған,
Асыл моншақ тағылған.
Міне сұлу шыршамыз,
Көптен күтіп сағынған.
Кел балалар келіңдер,
Тамашаны көріңдер.
Тәрбиеші: Балалар, біз жаңа жыл мерекесін қыс мезгілінде тойлаймыз. Солай ғой, балалар.
Балалар: Ия
Тәрбиеші: Ендеше балалар орындарымыздан тұрып, қыс әнін орындайық.

Ән орындалады: «Қыс»

( Қоян жүгіріп келеді)
Қоян: Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен қасқырдан қатты қорқамын. Ол мені орманда ұстап алмақшы болып еді, мен әрең құтылдым. Сендер оны көрген жоқсыңдар ма?
Балалар: Жоқ
Тәрбиеші: Жоқ, қоян, біз қасқырды көрген жоқпыз. Сіз қасқырдан қорықпаңыз. Біз жаңа жыл мерекесін тойлап жатырмыз. Сіз бізбен бірге болыңыз. Қасқырдың сізді ренжітпеуіне уәде береміз.
Қоян: Жарайды. Онда мен сіздермен қалып, ойын ойнайын, ән айтып би билейін. Балалар, менімен «Қояндар» биін билегілеріңіз келе ме?
Балалар: Ия
Би «Қояндар»
Тәрбиеші: Қоян, біздің балалардың жаңа жылдық мерекесіне арналған тақпақтарын тыңдағыңыз келеді ме? Келіңіз, мына жерге жайғасыңыз.
Мейіржан: Кел билейік, үйренейік
Ол келгенше жаңа жыр
Құтты болсын, құтты болсын,
Құтты болсын жаңа жыл.
Бейбінұр: Қала нұр, дала нұр,
Құтты болсын жаңа жыл
Жасыл шырша көрікті,
Билеп барлық бала жүр.
Рахман: Аппақ, аппақ жапалақтап,
Қар жауады тынбастан.
Қалың орман қар жамылған,
Маужырайды түнгі аспан.
Айда: A Happy New Har for me,
A Happy New Har for you.
A Happy New Har for everyone,
That is what I wish – I do.
(Жарық сөндірулі, қасқыр кіріп келеді)
Қасқыр: Қаңғырамын үйім жоқ,
Ормандардың иті жоқ.
Ұрлық менің кәсібім,
Тамақтанар кәсібім.
Ох, тамақ жегім келіп тұр. Қарным аш. Бәрі жаңа жыл кешіне кетіп қалыпты. Ақшақар болып киініп алайыншы. Жаңа жылдық ертеңгілікке барып балаларды құттықтайын. Мүмкін менің қояным сонда жүрген шығар.
Тәрбиеші: Балалар, қасқыр жаңа жылдық ертеңгіліктерге барып, қоянды іздемекші. Қоянды қасқырдан жасырайық. Ол үшін Аяз ата киімін кигізсек қалай болады, балалар!
Балалар: Солай жасайық!
Тәрбиеші: Ендеше, қоян, сен бар шыршаның артына барып Аяз атаның киімін киіп ал. Біз оған дейін балалармен «Аққала» ойыннын ойнай тұрайық.
Ойын: «Аққала»
Қоян: Балалар, мен Аяз атаға ұқсадым ба? Енді мені қасқыр танымайтын болды. Балалар, менің қасыма көмекшім Ақшақарды шақырайық.
Балалар: Ақшақар, Ақшақар!
( Музыка орындалып, ішке Қасқыр-Ақшақар кіріп келеді)
Қасқыр-Ақшақар: Сәлеметсіздер ме, балалар! Сәлеметсіз бе, Аяз ата, мен сізді орманда іздеп жүрсем, мұнда жүр екенсіз ғой. Аяз ата келіңіз балаларға би билеп, ән салып берейік.
Ән қасқыр мен қоян: «Қайда болдын Ақшақар?»
Қасқыр қоянды алып қашып кетеді.
Тәрбиеші: Балалар, біз қоянды қанша жасырсақта, қасқыр оны танып қойды. Бізге қоянды қасқырдан құтқаруға кім көмектеседі?
Балалар: Мүмкін Аяз ата көмектесер.
Тәрбиеші: Қәне, Аяз атамызбен Ақшақарды шақырайық.
Балалар: Аяз ата, Ақшақар!
Аяз ата: Қарашы, біз тойға келдік!
Қәне, балалармен амандасайық.
Аяулы аналарға, ардақты ұл-қыздарға
Бүлдіршін балаларға бір сәлем!
Қандай жарқын жүздерің,
Қандай әсем жырларың.
Асаулармен алысқан,
Асау желмен жарысқан.
Аталарың сендерге,
Шаршап келді алыстан.
Тәрбиеші: Сәлеметсіз бе, Аяз ата! Біз сізді асыға күтіп отырмыз.
Аяз ата: Неге шыршаларың жанбаған. Қәне, бәріміз бірге шыршаны жағайық.
Қуант таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат.
Тәрбиеші: Аяз ата, сіз алыс жолдан шаршап келдіңіз, отырып балалардың өнерлерін тамашалаңыз.
Тақпақ: Нұрриза, Ислам.
Ән орындалады: «Жасыл шырша жанында»
Аяз ата: Шыршаны жағып жүздеріңді көрдім, неге жабырқаулы?
Тәрбиеші: Біз қоянды қасқырдан қанша жасырсақта, қасқыр оны алып қашып кетті. Сіз бізге сыйқырлы таяғынызбен қоянды құтқаруға көмектесіңізші.
(Аяз ата сиқырлы таяқтың көмегімен, қасқыр мен қоянды ортаға алып келеді)
Аяз ата: Қасқыр, сен не үшін қоянды алып қаштың? Бүгін мереке емес пе? Балаларды қарашы, барлығы әдемі боп кейініп алған. Сенде мерекенің шырқын бұзбай қоянмен дос болып, балалармен бірге жаңа жыл мерекесін қарсы ал.
Тәрбиеші: Ендеше барлығымыз орындарымыздан тұрып, жаңа жылдық әнімізді айтайық.

Ән орындалады: «К нам приходит Новый год»
Тәрбиеші: Ал келіңдер, келіңдер
Тақпақ айтып беріңдер.
Жомарт Аяз атадан
Сыйлық алып көріңдер.
Бексұлтан: Кең пейілді, мол мейірлі,
Сағынышпен табысқан.
О, алақай, Аяз ата,
Келе жатыр алыстан.
Санжар: Тамаша, тамаша,
Қандай қызық қараса.
Аяз ата ортада,
Би билеп жүр балаша.
Нұрсила: Безендіріп шыршаны.
Жыл қуантты баршаны,
Той маскарад басталды,
Аяз ата басқарды.
Жансая: Тамаша сыйлық ап,
Келді Аяз атамыз.
Шаттанып куанып,
Шырқап ән саламыз.
Гүлдана: Аяз ата келіп тұр,
Бізге сәлем беріп тұр.
Тақпақ айтқан балдарға,
Сыйлықтарын беріп тұр.
Мирас: С новым годом! С новым годом!
Здравствуй, Дедушка Мороз.
Он из леса мимоходом,
Ёлку нам уже принёс.
Аяз ата: Бәрекелді, жарайсыңдар, балалар! Аталарыңды бір қуантып тастадыңдар.
Тәрбиеші: Аяз ата, біздің мерекеге тиіндер орманнан қонаққа келіпті. Олар өз өнерлерін көрсеткісі келеді. Қәне, соны тамашалайық.
Би: «Тиін»
Қасқыр: Аяз ата, сіздің балаларға арнаған Жаңа жылдық сыйлығыңыз қайда?
Аяз ата: Ой, мен сыйлықтарымды орманда шананын үстіне ұмытып кетіппін ғой. Қоян екеуің барып сыйлықтарды алып келіңдер. Мен сендер келгенше балалармен ойын ойнай тұрайын.
Ойын: «Қар» (кім жылдам жинайды)
Аяз ата: Жарайсыңдар, балалар! Өте ақылды , өнерлі, тапқыр, шапшаң балалар екенсіңдер.
Тәрбиеші: Ендеше балалар! Біз Аяз атаның сыйлықтары келгенше «Аяз ата сыйлығы» әнімізді айтайық.
Ән орындалады: «Аяз ата сыйлығы»
Би: «Аяз ата»
(Қоян мен қасқыр сыйлықтарды алып келеді)
Қасқыр: Аяз ата, балалардың сыйлығын алып келдік.
Аяз ата: Жарайды, кел, Ақшақар, балалардың сыйлығын таратып берейік.
Жарайсыңдар балаларым! Мені бүгін бір қуантып, алыс жерден шаршап келгенімде көңілімді көтердіңдер. Барлықтарың да ақылды, білімді де өнерлі екенсіңдер. Киген киімдерің қандай әдемі! Солай емеспе, қызым? Біздің сыйлығымызға риза болыңдар. Ал енді біз шығайық. Қасқыр, қоян, сендерде бізбен бірге жүріңдер. Басқа да балалардың өнерлерін тамашалайық. Ал, балаларым сендер өсіп-өркендей беріңдер. Сау болыңдар!
Балалар: Сау болыңыздар!
Тәрбиеші: Құрметті, қонақтар, балалар. 2014-ші жаңа жылға арналған мерекемізді топқа барып жалғастырамыз. Жаңа жыл құтты болсын, отбасыларыңызға тек бақыт пен қуаныш әкелсін!!

Дата: 23.05.2014

Баяндама тақырыбы: «Қазақ тілі оқу іс-әрекеттерінде инновациялық технологияларды енгізу арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың тілді меңгеруге қызығушылығын арттыру» қазақ тілі мұғалімі Абдибаева Ж.А.


Қазіргі таңда білімге ерекше көңіл бөлінгендігі белгілі. Ол бүгінгі өмірдің талаптарына сай маңыздылығымен ерекшеленеді. «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім керек» деп көрегендікпен Шоқан Уәлиханов айтқандай, халқымызды кемеліне келтіру үшін жастарымызды білімді, мәдениетті, Отанын, тілін шексіз сүйетіндей етіп дайындауға әрбір ұстаз міндетті.
Елбасы жүргізіп отырған парасатты саясаттың арқасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі де елімен бірге өзінің қайта өрлеуінің абыройлы, күрделі кезеңін жүріп өтті. Ендігі мақсат тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан жас ұрпағын өз Отанының мемлекеттігінің кепілі – мемлекеттік тілді құрметтеуге баулу, оны оқып үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру болмақ.
Қазақ тілін оқыту – қиын жұмыс деп ойлаймын. Қазіргі кезде қазақ тілін оқытуда инновациялық технология әдістерін қолдана отырып, сапалы білім беру, балалардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіре отырып, танымдық күшін қалыптастыруға жағдай жасау, баланың жеке басының интелектісін, оқу әрекетін, өтетін тақырып мазмұнын аша білу –басты мақсат болып табылады.
Қазақ тілі пәнінен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде жаңа технологиялардың элементерін қолдана отырып, мектеп жасына дейінгі балалардың тілді меңгеруге қызығушылығын арттыруға, ерекше көңіл бөлін келемін. Жалпы жаңа педагогикалық технологиялар баланың жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты рөл атқарады. Баланың жан-жақты дамып, жетілуіне, шығармашылықта жұмыс істеуге бейімделуіне, топта, жұпта жұмыс істей алу қажеттілігіне жетелейтін бірден-бір әдіс. Жаңа технологияларды меңгеру мұғалімнің зияткерлік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Қазіргі таңда инновациялық технологиялардың көптеген түрлері бар. Атап айтсақ сын тұрғысынан ойлау, тірек – сызба технологиясы, дамыта оқыту, деңгейлеп – саралап оқыту технологиясы және т.б.
Өз тәжірибемде қолданатын инновациялық технологияның бірі - деңгейлеп оқыту технологиясы баланың жеке мүмкіндігіне, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған. Деңгейлеп оқыту технологиясында баланың жан-жақты мүмкіндігін ескере отырып, жеңілден ауырына қарай деген принципті қолданып, өз бетімен жұмыс істеу қабілетінің дамуына ықпал етіледі.
Деңгейлеп оқыту технологиясының негізгі сатылары мыналар:
1. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
2. Төменнен, жоғарыға қарай деңгейлік тапсырмалар беру;
3. Балалардың тақырыптан алған білімдерін бекіту.
4. Балалардың білімін бағалау.
Мақсаты:
1. Әр баланы оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту.
2. Деңгейі төмен балалармен жеке жұмыс жасау, қолдау көрсету;
3. Дарынды баланың тереңірек білім алуына жағдай жасау;
4. Баланың ынтасын, қабілетін арттыру.
5. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті барысында жағымды эмоция сезімдерімен қанықтыра алу;
Ерекшелігі:
1. Таланттылар, дарынды балалар өздерінің қабілеті мен икемділігін одан әрі бекіте түседі, әлсіздер тіл үйренуге ниет білдіріп, сенімсіздіктен арылады.
2. Балалардың оқуға деген ынтасы артады.
Мысалы, осы әдісті мектепке дайындық және ересектер топтарында қолдануға болады. Топтағы балалардың деңгейлері әртүрлі болғандықтан тапсырмаларды да деңгейлеріне қарай беру арқылы оларға тіл үйретуде елеулі жетістіктерге жетуге болады. Мектепке дайындық топтарындағы деңгейі төмен балаларға тақырыпқа сәйкес естиярлар немесе ересектер топтарындағы балаларға арналған тапсырмаларды беріп, орындалған соң деңгейі жоғары балалармен бірдей бағалап, мадақтаған жөн. «Тапсырманы орындадым», - деп қуанған балада алға қарай ұмтылыс пайда болары анық.
“Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық” деген сөздерді ескере отырып, оқу іс-әрекеттерінде мүмкіншілігіне қарай мультимедия-лық проекторды тиімді, жүйелі түрде қолдану оқытушының шеберлігіне байланысты әрқилы жүзеге асырылуы мүмкін. Осы технологияны пайдаланудың тиімді тұстары:
- баланың пәнге деген жеке қызығушылығын оятады;
- танымдық қабілеттілігін қалыптастырады;
- баланы шығармашылық жұмысқа баулиды;
- мұғалімнің уақытын үнемдейді;
- қосымша мәліметтер береді.
Яғни, әр қазақ тілі оқу іс-әрекеттерінде слайдтар қолдану арқы-лы өткізсек, балалардың тілге деген қызығушылығын арттыра алатынымыз сөзсіз.
Жаңа технологияларды оқу іс-әрекетінде қолданудың тиімді. Соның бірі – “Сын тұрғысынан ойлауды дамыту” (СТО) техноло-гиясы. Мұнда әр баланың ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуге болады. Бұл технологияда бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады, бала өз шығармашылығынан қабілетін таныта алады. Мұнда балаға ойланып-толғануға уақыт берілуі керек, ойын айтуға бала шығармашылығын қалыптастыра-тынын атап өту керек. Оқу іс-әрекетінің қай құрылымында болмасын мұғалім “Сен не ұқтың?”, “Сен нені білгің келеді?” және «Сен неге бұлай ойлайсың?» деген сұрақтарды балалардан сұрап отырғаны абзал.
Инновациялық технологияның тағы бір түрі- Эйлер Венн диаграммасы. “Венн”диаграммасын қолдану арқылы заттардың ұқсастығы мен айырмашылығын көрсетуге болады. Мектепке дайындық топтарында өтілген тақырыптарды қорытындылау кезінде осы технологияны пайдалану тиімді. Мысалы: «Жемістер» және «Көкөністер» тақырыптарын бекітуде мұғалім балалардан алма мен қызанақтың ұқсастығын мен айырмашылығын табуды сұрайды. Балалар олардың ұқсастығы - пішіні, түстері екендігін айтса, ал айырмашылығы – өсетін орны, дәмдері, біреуі -жеміс, екіншісі- көкөніс деп жауап береді.
Ең тиімді әдістерінің бірі «Ойлап табу теориясының шешімінің міндеттері» (ТРИЗ) әдісі. Бұл әдіс бойынша баланың шығармашы-лық қиялын, ойын, тілін дамыту үшін бала көп сөйлеу керек, ойын толық айтуы тиіс. Қысқаша осы әдіске тоқталып кетейін.
ОТТШМ – балалардың логикалық және абстракты ойлау қабілетін, қиялын дамытып қана қоймайды, оларды зейін қоюға үйретеді. Балалармен жұмыс жасаудағы осы технологияның негізгі құралы педагогикалық ізденіс болып табылады. Мектепке дейінгі балалармен оқу – тәрбиелік іс- әрекетті дұрыс ұйымдастыру қажет, қазақ тілі сабағында ОТТШМ технологиясы бойынша әр түрлі әдіс – тәсілдерді қолданамыз.
ОТТШМ - ұраны - «Ойдағының бәрін айтуға болады», сондық-тан балалар өздері ойлап тауып, өз ойларын жасқанбай айтып, жеткізуге тырысады.
ОТТШМ - балаларға өз пікірлерін айтуға, оны дәлелдеуге, балаларды басқа біреуді тыңдай білуге, басқа адамға баға беруге үйретеді. Балаларға әр түрлі тақырыптар береміз.
Мысалы, «Жақсы–жаман» ( жаңбыр – жақсы немесе – жаман)
Мақсаты: Қандай да болсын объектінің, жағдаяттың жақсы, жаман жақтарын табу, ненің зиян, ненің кедергі екендігін, ненің қажет екендігін білу.
Ойын:«Керісінше»(доппен ойнайды).
Мұғалім балаға допты лақтырып, сөз айтады, ал бала мағынасына қарай қарама – қарсы сөзбен жетекшіге допты қайтарады (жақсы – жаман, құру – бұзу, кіру – шығу...,).
Егерде бала сұрақ қойса, оған тез жауап бермейміз. Керісінше, оның ол туралы не ойлап тұрғанын сұраймыз. Оған талқылауға немесе баланың жетекші сұраққа жауапты өзінің тапқанын сұраймыз.
Ойын: «Хайуанаттар үйі»
Үлкен ақ қағаз бетінде әртүрлі пішінді көп терезелері бар үйдің суреті бар. Балалар бұл үйде қандай аңдар тұратынын айтады, суретін салады. Оларға ат қояды. Содан кейін балалар бір күні осы үйде болған бір жағдай туралы әңгіме құрайды.
Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Қорыты айтқанда инновациялық технологиялар оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін арттыруға, басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану оқу іс-әрекетін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, баланың тіл үйренуге қызығушылығын арттырады.

Дата: 06.05.2014

Дыбыстар әлемі. (кешенді сабақ, естиярлар тобы) Тәрбиеші Утепова А.Д.

Мақсаты: Балаларға дыбыстар мен әріптер туралы түсінік бере отырып, оларды бір-бірінен айыра білуге, сөздерде дауысты дыбыстарды анық, таза айтуға , сөз ішінде С,Ш дыбыстарының орнын таба білугеүйрету. Достыққа, адамгершілікке, бір-біріне деген бауырмалдыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: үлестірмелі құралдар, көрнекі құралдар, ұсақ қол маторикасын дамытуға арналған құралдар.

Балалар жарты шеңбер болып тұрады, қонақтармен сәлемдеседі. Тәрбиеші балалармен бірге шаттық шеңберін жүргізеді.
- Балалар, біздің бүгінгі оқу іс-әрекетіміз ерекше болмақ. Біздер бүгін саяхатқа шығамыз. Саяхатқа кіммен шығатынымызды мына жұмбақтың шешуін тапсаңдар білесіңдер.
Тегіс домалақ, сырты қызыл әдемі болып піскен, әжесі оны терезе алдына суысын деп қойған. Бұл қай ертегі кейіпкері?
- Дұрыс айтасыңдар , Бауырсақ. Яғни бүгін Бауырсақпен бірге саяхатқа шығамыз.
Балалар қоянмен бірге орман ішімен келе жатқанда алдынан қоян шығады.
Қоян: - Бауырсақ, мен сені жеп қоямын.
Бауырсақ: - Жоқ, жоқ, Қоян мені жемеші?
Қоян: -Олай болса , сен маған тілге арналған жаттығулар жасауды үйрет.
Тәрбиеші: - Балалар, біз Бауырсаққа көмектесейік. Оны Қояннан құтқару үшін тілге арналған артикулятциялық жаттығулар жасап көрсетейік. Ал олар үйреніп алсын.
Балалар айнаны пайдаланып тілге арналған бірнеше артикулятциялық жаттығулар жасайды.
Қоян: - Балалар, сендерге рахмет. Мен енді тілге арналған жаттығуларды жасауды үйрендім.
Балалар ары қарай жолға шығады. Орман ішінде келе жатып, ағаштағы араның ұясына қарап тұрған Аюды көреді.
Аю: -Бауырсақ, балалар сендердің келгендерің өте жақсы болды. Маған көмектесіңдер ме? Менің бал жегім келіп тұр. Ал аралар болса , маған біздің тапсырмамызды орындамасаң бал бермейміз дейді.
Тәрбиеші: -Балалар, Аюға көмектесеміз бе?
Балалар: - Ия, көмектесеміз.
Тәрбиеші: -Балалар, барлығымыз тақтадағы суреттерге назар аударайық. Суретте берілген заттардың аттарын атайық. Бұл заттардың аттары қандай дыбыстардан басталады екен?
- Дұрыс айтасыңдар «Ш», «С» дыбыстарынан басталады. Енді осы дыбыстарға байланысты буын ұйқастар, тақпақтар айтайық.
Аю:- Балалар, сендер өте тапқыр, ақылды, шешен балалар екенсіңдер. Сендерге рахмет. Мен енді тойып-тойып бал жейтін болдым.
Тәрбиеші: -Балалар, қане саяхатымызды ары қарай жалғастырайық.
Балалар орман ішінде келе жатып ағаш түбінде жылап отырған қасқырды көреді.
Тәрбиеші: - Қасқыр сен неге жылап отырсың? Сені кім ренжітті?
Қасқыр: - Маған аң патшасы Арыстан бірнеше тапсырма берді. Егер осы тапсырмаларды орындасаң сені бостандыққа жіберемін, ал орындай алмасаң жеп қоямын деді. Мен тапсырмаларды орындай алмай жылап отырмын. Маған көмектесіңдерші?
Тәрбиеші: -Балалар,барлығымыз Арыстанның Қасқырға берген тапсырмасын орындауға көмектесейік.
Дидактикалық ойын : «Суреттерді ата және бас әріппен қос»
Қасқыр:- Балалар жарайсыңдар, сендер өте білімді балалар екенсіңдер. Маған Арыстанның тапсырмасын орындауға көмектескендерің үшін рахмет. Мен ертерек тапсырмамды Арыстанға апарып көрсетіп, басыма бостандық алайын.
Қасқыр қоштасып шығып кетеді.
Тәрбиеші: -Балалар, қане саяхатымызды ары қарай жалғастырайық.
Орман ішінде Бауырсақтың алдынан Түлкі шығады.
Тәрбиеші: -Балалар, мынау Түлкі бикеш қой, қане сәлемдесейік.
Балалар Түлкімен сәлемдеседі.
Түлкі:- Сәлеметсіңдер ме балалар! Сәлем бауырсақ. Сені кездестіргенім қандай жақсы болды, қарным ашып тұр еді. Балалар Бауырсақты маған беріңдер.
Балалар: - Жоқ, біз сізге Бауырсақты бере алмаймыз. Себебі ол біздің досымыз.
Түлкі: Олай болса маған «Ш»,«С» әріптерінің қалай таңбаланатынын үйретіңдер. Сонда мен Бауырсақты босатамын.
Тәрбиеші: -Балалар, қане әртүрлі заттарды пайдаланып, әріптердің қалай таңбаланатынын Түлкіге үйретейік.
Балалар мозайканы, бау мен мойыншақтарды және жабысқақ маталарды пайдаланып әріптердің жазылуын Түлкіге үйретеді.
Тәрбиеші: -Балалар, бүгінгі саяхатымыз барысында көптеген аңдарға көмектестік. Ол аңдардың барлығы бізге алғыс айтты. Енді Бауырсақпен бірге балабақшамызға оралайық.
Балалар топқа келгенде Бауырсақты іздеп келген әжейді көріп , Бауырсақты әжейге тапсырады.Әжей алғысын айтып шығып кетеді.
Тәрбиеші сұрақ-жауап арқылы оқу іс-әрекетін қортындылап, балаларды мадақтайды.

Дата: 12.03.2014

1 2
  2010-2015. Барлық құқықтар қорғалған
МКҚК Жалпы дамытатын улгiдегi №17 балабақша
 
Жүйеге кіру Создание и обслуживание сайта Mediana.kz